Жеке кабинет
Адвокаттар мемлекеттік тіл және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстелге қатысты

2026 жылғы 14 тамызда Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Адвокаттар алқасының «Байқоңыр» ауданы және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі заң консультациясының адвокаттары Жанадилова Ж.Н., Карпеева А.К. және Конакбаева Р.С. қатысты.

Дөңгелек үстел барысында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану, процестік құжаттарды дайындау, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді мемлекеттік тілде жүргізу, сондай-ақ ата-аналардың бірінің келісімі болмаған жағдайда кәмелетке толмаған балалардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына байланысты мәселелер талқыланды.

Адвокат Карпеева А.К. сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қазақ тілінде жүргізудің өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады.

Адвокат Конакбаева Р.С. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Сыртқы істер министрлігінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жеке дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.