Жеке адвокаттық қызметпен айналысатын адвокатымыз Есболатова Айгүл Тасұбайқызының отбасында орны толмас қайғы орын алды.
74 жасқа қараған шағында, ұзаққа созылған сырқаттан кейін оның туған әпкесі - Әлімбаева Күләш Тасұбайқызы өмірден озды. Күләш Тасұбайқызы 2003 жылдан 2020 жылға дейін Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі болып, Орталық заң консультациясында, қазіргі «Нұра» ауданы заң консультациясында адвокаттық қызмет атқарды. Күләш Тасұбайқызы - адвокатура саласының ардагері. Оның адвокаттық еңбек өтілі 34 жылды құрайды. Ол өзінің адвокаттық жолын Торғай облыстық адвокаттар алқасында адвокат болып бастап, аз уақыттық үзілістен кейін қайтадан осы алқада еңбек жолын жалғастырды. 1997 жылдан бастап Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, ал 2003 жылдан бері Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі болды.
Күләш Тасұбайқызы жоғары кәсіби біліктілігімен, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленген білікті заңгер, жас мамандарға бағыт-бағдар берген тәлімгер, әріптестерінің сенімді серігі, жанашыр дос әрі парасатты, көркем мінезді жан еді.
Жолдасымен бірге үш перзент тәрбиелеп, оларды өмірден өз орындарын табатын, өнегелі азаматтар етіп өсірді. Күләш Тасұбайқызының жарқын бейнесі мен есімі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Айгүл Тасұбайқызына, сондай-ақ Күләш Тасұбайқызының отбасы мен туған-туыстарына жақын жанынан айырылуына байланысты шын жүректен көңіл айтамыз. Осындай ауыр,қайғылы сәтте Астана қаласы адвокаттар алқасының ұжымы сіздермен бірге қайғырып, қайғыларыңызға ортақтасады. Шын жүректен көңіл айта отырып Астана қаласы адвокаттар алқасы президиумы.